ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында республикалық жолды су шайып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша 13 наурыз күні жергілікті сағат 18.20-дан бастап республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автожолында (97-131 км, Бөрлі ауылынан Ақсай қаласына дейін) барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелді.
Жабылу себебі – тасқын су жолды шайып кеткен.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, мекеме-ұйымдарға хабарландыру жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Кейін БҚО-ның тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Бүгін кешқұрым Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылына тасқын су кіріп, 44 адам эвакуацияланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).