ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай БҚО ішкі істер департаменті бөліністері арасында жауынгерлік қарудан нысана көздеуден чемпионат өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жарысқа барлығы 11 команда қатысып, бақ сынады. Командалық есепте Орал қалалық ішкі істер басқармасы бірінші, облыстық ІІД жол-патрульдік полиция жеке батальоны екінші, ІІД көші-қон қызметі басқармасы үшінші орынға ие болды.
Жекелей сында Макаров тапаншасы-2 (ПМ-2) жаттығуынан Балжан Сәрсентаева, ПМ-5-тен Альфия Рахметова, ПМ-3 және ПМ-6-дан Бауыржан Оспанов, ПМ-4-тен Дастан Дошанов, Калашников автоматынан нысана көздеуден Тілек Қожанберлиев (АК-3) пен Берік Шынаров (АК-4) үздік атанды.
Командалық және жекелей сында озып шыққандар диплом, кубок, медальдармен, сондай-ақ ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.
Жеңімпаздар алдағы шілде айында Шығыс Қазақстан облысында жауынгерлік қарудан нысана көздеуден өтетін ҚР ІІМ біріншілігіне қатысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).