БҚО-да «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде құрылыс-монтаж жұмыстары басталады
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекарада орналасқан «Сырым» автомобиль өткізу бекетін қайта құруды 10 шілдеде бастау көзделіп отыр.
БҚО кәсіпккерлер палатасында өткізілген кеңесте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Мирлан Нәсіповтің мәлім еткеніндей, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 22 млрд теңгеге бағаланған. Оның сөзіне қарағанда, биыл 9,9 млрд теңге бөлінген.
- «Сырым» автомобиль өткізу бекетін қайта құру 16 айға есептелген. Мердігер ретінде QSM ENGINEERING компаниясы анықталды. Қазіргі кезде төлқұжат бақылау кабинасын ауыстыру, уақытша инженерлік коммуникация тарту, өткізу бекетінің ішінде қоршау орнату сияқты әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш қабатты әкімшілік ғимаратын, екі инспекциялық қарау кешенін салу жоспарланып отыр. Жол қозғалысы жолағы 12-ге дейін ұлғайтылады, тағы екі жолақ ірі көлемді көлік үшін жасалмақ, - деді М.Нәсіпов.
Оның айтуынша, аталмыш өткізу бекетінде жүк көліктерінің кіріп-шығуына шектей қойылмайды. Ал жеңіл көліктерді өңірдегі «Тасқала», «Шаған» және «Ақсай» бекеттері арқылы өткізу көзделіп отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да «Сырым» автомобиль өткізу бекеті 16 айға жабылуы мүмкін екендігін жазған болатынбыз.