БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өңірде жыл басынан бері 708 адамның скарлатинамен ауырғаны тіркелсе, соның 653-і – 14 жасқа дейінгі бала. Жалпы жағдай бақылауда.
«Тасқала ауданында 11 ай ішінде сырқаттанудың деңгейі өткен жылғы көрсеткіштермен бірдей. Скарлатинаға шалдыққан 10 адамның бәрі де – 14 жасқа дейінгілер. Желтоқсан айының басынан бері 8 жаңа жағдай тіркелді, соның алтауы балабақшада және екеуі мектепте анықталып отыр. Аурудың жаңа жағдайын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар скарлатинаның одан әрі таралуын болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Білім беру нысандарында санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілді. Сондай-ақ ахуал нашарлаған жағдайда маска режимін енгізу және қашықтан оқытуға көшу мүмкіндігі мәселелері қарастырылады. Біз аймақта скарлатинаның одан әрі таралуын бақылау және алдын алу үшін жергілікті органдармен және медициналық мекемелермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеудеміз», - деп хабарлады ведомстводан.
Тасқала ауданының әкімі Талғат Шәкіровтің әлеуметтік желіде мәлім еткеніндей, ауданда скарлатина инфекциясының таралуына байланысты Тасқала ауылындағы «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында шектеу шаралары жарияланғаны белгілі.
Оның сөзіне қарағанда, жұқпалы дерт Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп оқушылары арасында да анықталып отыр. Оған қоса тұмау да өршіп тұр. Бөбекжай карантинге жабылып, мектептерде бетперде режимі енгізілді.
«Әлеуметтік желілерде ауданда инфекциялық ауру ошақтары анықталуына байланысты ата-аналар тарапынан оқу процесін тоқтату бойынша ұсыныстар көп түсіп жатыр. Апталық лездемеде аудандық білім беру бөліміне санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасымен бірлесе отырып, қашықтан оқу режиміне көшу мәселесін қарастыру бойынша тапсырма бердім», - деді Т.Шәкіров.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО балабақшасында бірден 6 бүлдіршін скарлатина дертіне шалдығып, біреуі қайтыс болғанын жазған едік.