БҚО-да соңғы үш жылда тіркелген мал ұрлығы 2,5 мыңнан асты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда тіркелген мал ұрлығы дерегі 2,5 мыңнан асты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткізілген баспасөз мәслихатында мәлім етілді.

БҚО ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Кенжебек Құспаевтың айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде 4 712 ұрлық тіркелсе, соның 324-і немесе 3,8 пайызы - мал ұрлығы. Барлығы 908 бас мал ұрланса, соның 575-і немесе 63,3 пайызы табылып, иелеріне қайтарылды. Жеті айдың қорытындысы бойынша аталған қылмыстың 46,5 пайызы ашылған. Малдың 79,9 пайызы еркін жайылымнан қолды болған. Бұл малдың бағусыз жүретіндігін көрсетеді. Соның салдарынан мал шекара асып, Ресей жеріне де кетіп қалып жатады. Мысалы, тамыз айының басында Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылдық округінен 28 бас сиыр шекара асқан, соның үшеуі ғана табылды. Қазталов ауданында 9 жылқы шекара асқанмен, бәрі де иелеріне қайтарылды.
БҚО прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Темірлан Абдықұловтың сөзіне қарағанда, соңғы үш жылда мал ұрлығы 2,5 мыңнан асса, ұрланған мал саны 4 757-ге жеткен. Мұның басты себептері - мал есебінің дұрыс жүргізілмеуі, иелерінің қамсыздығынан малдың бос жүруі, малды қалай болса солай сою, ұрлықтың алдын алу бағытында мемлекеттік органдар шараларының жеткіліксіздігі. Осындай олқылықтарды жою, ет өнімдеріне малдәрігерлік бақылауды қамтамасыз ету бағытында өңірде «Мал ұрлығына қарсы жол картасы» бірлескен іс-қимыл жобасы жүзеге асырылуда.