БҚО-да сот арқылы жұмысына қайта орналасқан құтқарушы 2,3 млн теңге өндірді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының №2 соты құтқарушының жұмыстан заңсыз босату туралы талап қоюын қанағаттандырды.

Фото: Ұлттық статистика бюросы

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, іс материалдарына сәйкес мекеме қызметкерді жұмыс орнында үш сағаттан астам уақыт болмағаны үшін қызметінен босатқан. 
Алайда жұмыс беруші тәртіптік жаза қолданар алдында қызметкерден жазбаша түсініктеме талап ету жөніндегі заңды міндетін орындамаған.

Сот жұмыс берушінің бұл әрекеті еңбек заңнамасының талаптарына қайшы келеді деген қорытындыға келіп, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп таныды.

- Нәтижесінде қызметкер бұрынғы лауазымына қайта орналастырылып, оның пайдасына бос жүрген уақыты үшін 2 млн 315,515 мың теңге орташа жалақы және өкілдің көмегіне ақы төлеу шығыстары ретінде 350 мың теңге өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өз компаниясынан 2,2 млн АҚШ долларын жымқырған кәсіпкердің сотталғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Оралда жәбірленушілерге 158 млн теңге залал келтірген алаяқ әйел сотталды.