Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Қанат Өтеғалиевтің мәлім еткеніндей, аталмыш жоспарға сәйкес 3 іс-шара көзделген.
Қанат Болатұлының сөзіне қарағанда, 2023 жылы Тасқала ауданының Тасқала ауылы аумағында Деркөл өзенінің арнасын тазалау бойынша жұмыстарды жүргізу жобасы әзірленді. Тазалау ұзындығы – 7 км.
- Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны – 622,0 млн теңге. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 435,0 млн теңге бөлінді. Мердігер – «СМУ-17» ЖШС. Жұмыстар биыл 21 сәуірде басталды. Аяқтау мерзімі – жыл соңына дейін. Қазіргі уақытта жұмыстардың 90 пайыздан астамы орындалды, - дейді Қ.Өтеғалиев.
Оның айтуынша, тағы бір маңызды жоба Шыңғырлау өзенінің арнасын тазалау үшін жобалық-сметалық құжаттама 2024 жылы әзірленді. Тазалау ұзындығы – 11 км. Жобалаушы – «Уралводпроект» ЖШС. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткізуге жіберіледі.
Сонымен қатар Орал қаласында Шаған өзенінің тармағын және Бәйтерек пен Ақжайық ауданында каналды механикалық тазалау жұмыстары атқарылмақшы. Атап айтқанда, земснарядпен Шаған өзенінің тармағын (48 км) механикаландырылған тазалау ісі жүргізіледі. Көшім каналын (13,5 км) тазарту барысында батпақты жерлерінде экскаватордың көмегімен арнасы кеңейтілді. Оған қоса каналда суды автоматтандырылған есепке алу жүйесі және реттегіш-басқару құрылғысы орнатылады.
- Көшім каналының дамбалары мен арнасындағы ағаштар мен бұталар түбірімен алынды. 2026 жылы Көшім өзені мен Шаған тармағында ұзындығы 68 км учаскеде илосос земснарядымен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша Көшім каналының 4,1 км учаскесінде арнаны механикалық тазалау жұмыстары орындалды, - деп қосты Қ.Өтеғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да суды заңсыз пайдаланғандарға 2,5 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.