ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен аумақтан 185 бала республикалық лагерьлерде демалатын болса, соның 83-і бүгін жолға шықты.
БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Хажарбибі Искандарованың айтуынша, 70 бала 10-24 сәуір аралығында Алматы облысындағы «Тау Жанашар» лагерінде, 13-і Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығында 21 күн бойы тынығады.
«Бұдан бөлек, 102 бала 17-26 сәуірде Қызылорда облысындағы «Қамбаш» сауықтыру орталығында 10 күн демалады. 185 баланың 10-ы Бөрлі, 48-і Қаратөбе, 32-сі Сырым, 60-ы Теректі ауданынан және 35-і Орал қаласынан», деді Х.Искандарова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Жайық жағасындағы бөгеттерді биіктету жұмыстары жүргізіліп жатырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров Жайық өзеніндегі судың көтерілуі 94 елді мекенге қауіп төндіретінін айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).