БҚО-да тыйым салынған тауарларды заңсыз әкетудің 219 дерегі тіркелді

Коллаж: Kazinform/Canva

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында тауарлардың көлеңкелі айналымымен күреске ерекше назар аударылып келеді.

БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ермек Алғазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 2025 жылы тыйым салынған тауарларды заңсыз әкетудің 219 дерегінің жолы кесілді.

Оның сөзіне қарағанда, заңсыз айналымнан 67,6 мың литр алкоголь өнімі, 1,5 млн қорап темекі және 2 183 тонна мұнай өнімдері тәркіленді. Кейбір позициялар бойынша тәркілеу көлемі 2024 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артты.

- Бұл шаралар бюджет кірісін арттырумен қатар адал кәсіпкерлерді қорғауға және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Салықтық тексерулер нәтижесінде 11,8 млрд теңге қосымша есептелді. Бір тексеруге шаққандағы орташа қосымша есептеу көлемі артты, бұл тәуекелдерді іріктеу мен талдау сапасының жақсарғанын көрсетеді, - деді Е.Алғазиев.

Оның айтуынша, берешекпен жұмыс та тұрақты жүргізілді. 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша берешек 4,9 млрд теңге болды. Бұл өсімнің бір бөлігі қосымша есептеулермен байланысты. Сонымен қатар жыл ішінде қабылданған шаралардың арқасында 6 млрд теңгеге берешек азайтылды. Инкассалық өкімдер, мүлікті сату, оңалту және банкроттық рәсімдері, бөліп төлеу тетіктері қолданылды.

Сол секілді мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қор бойынша артық төлем 7,3 млрд теңгеге қысқарды. Бұл есеп айырысудың нақтыланғанын және бизнестің «қатып тұрған» қаражатының азайғанын білдіреді.

- Халықпен өзара байланысқа ерекше көңіл бөлінді. Өңірде 776 мыңнан астам салық төлеуші тіркелген. Жыл ішінде 6 мыңнан астам түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Байланыс орталығы 11 891 өтініш қабылдап, азаматтардың қанағаттану деңгейі 94 пайыз болды. Біздің мақсат – тек бақылау емес, сонымен қатар сервистік бағытты күшейту, талаптардың ашықтығын қамтамасыз ету және қоғам сенімін арттыру, - деп қосты Е.Алғазиев.

Департамент мәліметіне сәйкес 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 562,7 млрд теңге көлемінде салықтық түсімдер қамтамасыз етілді. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 5,2 пайыз немесе 28,1 млрд теңгеге жетті. Бұл – сыртқы экономикалық ахуалдың күрделілігіне қарамастан, қол жеткізілген оң нәтиже. Жергілікті бюджет бойынша жоспар 101 пайызға орындалып, 215,7 млрд теңгенің орнына 217,9 млрд теңге түсті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, өсім – 20,1 млрд теңге.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Ресеймен шекарада жүк көліктері кептелісте тұрғанын жазған едік.