ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы төрт айда тұрғылықты жері бойынша 62956 адам тіркелді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында БҚО ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ертас Бисенов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, соның ішінде 29890-ы облыс аумағы бойынша есепке алынған, 4300-і басқа өңірлерден, 12-сі шет елден келген, 28754 азамат уақытша тіркелген. Тіркелгендер саны өткен жылғыдан (18203) 3,5 есеге көбейіп отыр.
Сонымен қатар осы мерзімде 2098 адам тіркеуден шығарылған. Соның ішінде пәтер иелерінің арызы бойынша 1699, сот үкімімен 121 (сотталушылар), Қазақстаннан тыс жерге кетуіне байланысты 278 адам есептен алынған. ТМД елдеріне 246, алыс шет елге 10 адамның тұрақты тұруы үшін кетуіне рұқсат берілген.
Көші-қон қызметі басқармасы төрт айда 13243 арыз қабылдап, соның негізінде 10545 жеке куәлік және 3550 төлқұжат дайындалды.
Жалпы, басқарма бойынша жыл басынан бері 318927 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның 310248-і халыққа қызмет көрсету орталығында, 8679-ы мемлекеттік қызмет органдары бойынша көрсетілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).