ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қардың қатты еруіне байланысты тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, атап айтқанда, 4 сәуір күні «Сарытау» шағынауданында Күлтегін мен А.Шайхиев көшелерінің қиылысында қар суы жиналды.
Соның салдарынан үш үйге су кіру қаупі туындады. Суды арық жүйесімен айдау үшін оқиға орнына ТЖД қызметкерлері жетті.
Сонымен қатар Орал қаласы ТЖ басқармасы шаһардың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, төтенше жағдайдың алдын алу үшін қатқыл табанды жолды кесіп, тұрба салу жұмысын атқарды.
Қазіргі кезде аталған учаскеде су басу қаупі жойылды.
ТЖ департаментінің мәліметіне қарағанда, басқа жерлерде жағдай қалыпты.
Өңірде осы кезге дейін қала мен елді мекендерден 985087 текше метр қар шығарылып, 111419 текше метр су сорылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұрғын үй өртеніп, бір отбасы баспанасыз қалғанын жазған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).