ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Самара-Шымкент күре жолы бойында болған жол-көлік оқиғасынан 7 адам зардап шекті.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, олардың үшеуі оқиға орнында қаза тапты.
Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, зардап шеккендерге Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылы медициналық пунктінің фельдшері мен Сырым аудандық ауруханасының хирургі алғашқы көмек көрсеткен.
— Ауруханаға жеткізілген төрт адамның екеуі Орал қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханаға жіберілді. Сырым аудандық ауруханасында жатқан біреуінің жағдайына байланысты санитарлық авиация шақыртылды. Қалған бір науқас үйінен амбулаторлық ем алатын болады, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан үш адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).