ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 15-17 ақпан аралығында өткізілген «Мигрант» жедел-алдын алу шарасы барысында ҚР көші-қон заңдылығын бұзудың 177 дерегі анықталды.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде республика аумағында жүріп-тұру ережесін бұзған 146 шетелдік азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 517-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 518-бап бойынша шетел азаматтарының елде жүріп-тұру ережесін сақтамағаны үшін 40 батысқазақстандық, қазақстандық азаматтар мен шетел жұмыс күшін тарту ережесін бұзғаны үшін 519-бапқа сәйкес 11 жұмыс беруші әкімшілік жаза алды.
Полиция қызметкерлері жеке басын растайтын құжатсыз жүрген 24 шетелдікті анықтады. Қазіргі уақытта олар Орал қалалық қабылдап-тарату орнына орналастырылып, кім екендіктері айқындалу үстінде.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерге қатысты 6 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ іздеуде жүрген 2 қылмыскер құрықталды. 18 шетелдік азамат Қазақстан аумағынан шығарылды.
Айта кетейік, аталмыш шараны өткізу үшін 20 жедел топ құрылып, ішкі істер органдарының 500-дей қызметкері жұмылдырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).