ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында велосипед мінген адамды қағып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 4 тамыз күні сағат 03.55 шамасында белгісіз біреу автокөлігімен Самара-Шымкент жолының 268-шақырымында велосипедпен бара жатқан Е-ны қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған болатын.
Жол апаты салдарынан Е. деген азамат жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмды.
27 қараша күні жергілікті полиция қызметі мен криминалдық полиция қызметкерлері аталған қылмысқа күдікті ретінде 1997 жылғы А-ны анықтап, қолға түсірді.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, жыл басынан бері кісі өліміне соқтырған 4 жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізуші бой тасалаған. Олардың бәрі де анықталып, жауапқа тартылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).