ОРАЛ. KAZINFORM — «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ мамандары Орал қаласында Шаған өзенінен өтетін көпірді зерттеу жұмыстарын бастады.
Аталмыш көпірдің жаяу жүргінші бөлігі 30 сәуірде құлаған болатын.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның мәлім еткеніндей, институт мамандарының қорытындысына сәйкес көпірді күрделі жөндеу немесе қайта құру жүргізу жөнінде шешім қабылданатын болады.
- Сонымен қатар жаяу жүргінші бөлігін уақытша қалпына келтіру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ көлік қозғалысының жиілігіне байланысты уақытша бағдаршамдар орнатылды. Әкімшілік полицияның келісімімен қосымша жол белгілері қойылды, - деді А.Мардан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Шаған өзеніндегі көпірдің жаяу жүргіншілер бөлігіне зақым келгенін жазған едік.
1962 жылы пайдалануға берілген көпір республикалық маңызы бар Ақтөбе-Орал-Ресей Федерациясы шекарасы автомобиль жолының 247-шақырымында орналасқан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).