ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жеке үйдегі өрт орнынан әйел мен оның екі қызының мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, қайғылы оқиға Тасқала ауданы Ақтау ауылында болған.
9 сәуір күні түнгі сағат 01.50-де үйдегі өртті сөндіру кезінде әйел мен оның екі жасөспірім қызының күйіп кеткен мүрдесі табылды.
«Қылмысқа күдікті ретінде әйелдің 1986 жылғы күйеуі ұсталды. Өзіне-өзі қол жұмсамақ болған ол қазір ауруханада жатыр. Осы оқиға бойынша ҚР ҚК 99-бабына (адам өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да аударылған автокөліктің 1 тонна балық әкеле жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).