ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырған жергілікті полиция қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге арналған бірінші курс басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталған шара академия мен БҚО әкімдігі арасында қол қойылған ынтымақтастық пен өзара түсіністік жөніндегі меморандумға сәйкес ұйымдастырылып отыр.
Академияның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жергілікті полиция қызметкерлерін оқыту үшін олардың шешендік қабілетін, психологиялық дайындығын, сондай-ақ кәсіби этикасы мен құзыретін жетілдіруге бағытталған арнайы оқу бағдарламасы жасалды. Оқу курсына академияның тәжірибелі ұлттық коучерлері мен сарапшылары тартылған.
Курс тыңдаушылары ретінде БҚО прокуратурасы органдарының қызметкерлері де қатысуда.
Курсты ашқан академия ректорының көмекшісі Жан Жүсіпов қатысушыларды бағдарлама ерекшеліктерімен таныстырып, жемісті жұмыс тіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).