ОРАЛ. ҚазАқпарат - 26 тамыз күні сағат 12.55-тер шамасында Орал-Атырау жолының 255-шақырымында, Ақжайық ауданы Алмалы ауылының тұсында жол апаты болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ақжайық аудандық ішкі істер бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, Атырауға бара жатқан, ресейлік азамат айдаған «Ауди» автокөлігі қарсы бетке шығып кетіп, «Мерседес» автокөлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан «Мерседесте» отырған 1992 жылғы қыз оқиға орнында қаза тапты. Оған қоса түрлі жарақат алған тағы төрт адам Тайпақ ауылындағы ауруханаға, сосын бұлардың екеуі алғашқы көмек көрсетілген соң облыстық ауруханаға жеткізілді.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Аудандық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы, полиция капитаны Мақсат Түгелбаевтың сөзіне қарағанда, дәл осы тұста бір күн бұрын жеңіл автокөлік «ГАЗель» жүк көлігінің артына соғылып, екі адам зардап шеккен болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).