ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан автокөлік өртеніп, үш адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 19 қыркүйек күні сағат 20.53-те Бөрлі ауданы Пугачев ауылдық округінде Березов-Ақсай жолында болды.
«Тойота Камри» жолдан ұшып кетіп, автокөлікке қоса 1 гектар құрғақ шөп жалынға оранған.
Жол апаты салдарынан Бөрлі аудандық орталық ауруханасына үш адам жеткізілді.
Қазіргі мәлімет бойынша 1989 жылғы ер адам, 1985 және 1994 жылғы әйелдер жабық бас-ми және дене жарақатын алып, миы шайқалған.
«Тілсіз жау» №28 өрт сөндіру бөлімшесінің күшімен (4 қызметкер, 1 техника) сағат 21.50-де ауыздықталды.
Қазіргі кезде оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің жол апатына ұшыраған үш әйелге қолұшын бергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).