ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының полицейлері ағаш көшеттерін отырғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жаппай жасылдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес батысқазақстандық тәртіп сақшылары БҚО полиция департаментінің қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі өндірістік базасы аумағында алғашқы күні 30 түп түрлі ағаш көшетін екті.
Олардың ішінде емен, үйеңкі, шырша және басқа ағаштар бар.
«Емен – ғасыр жасайтын ағаш, сондықтан ол ұрпақтарымызға қалады. Тал-терек отырғызуды біздің ата-бабаларымыз аманат еткен. Біз соны жалғастыруымыз керек. Бұл іс-шара аудандарда, сондай-ақ департаменттің барлық бөлімшелерінде жалғасын табатын болады», деді департамент бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимов.
Емен көшеттерін БҚО әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев ұсынды, бұл туралы ол өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды. Енді өндірістік базада отырғызылған ағаштарды тәртіп сақшылары күтетін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).