БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Мектепке жол» аясында әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Орал қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылында болып, жол қауіпсіздігі бойынша 4-14 жас аралығындағы балалардың қатысуымен іс-шара өткізді. Балалар ауылында барлығы 74 бала тәрбиеленетін болса, соның қырықтан астамы шараға қатысты.
Шара мақсаты - балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Биылғы алты айда өңірде балалардың қатысуымен 33 жол-көлік оқиғасы болып, 7 бала қаза тапса, 35-і түрлі жарақат алған болатын.
Балалар ауылының педагогы Зүлфия Мұқанованың айтуынша, мұндай театрландырылған шаралар балалар үйінде жиі ұйымдастырылып тұрады, соның нәтижесінде тәрбиеленушілер жол қауіпсіздігі жөніндегі облыстық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр.
Шараның басты ұйымдастырушысы, БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Нұртай Лезов балаларға жол қозғалысы ережесін түсіндіріп, оларға естелік сыйлықтармен қатар оқу құралдарын табыс етті. Шараға белсенді қатысушылар да ұмыт қалған жоқ.
Н.Лезовтың сөзіне қарағанда, жаңа оқу жылына дейін мектептерде жол ережесі бойынша сыныптар ашылады. Сондай-ақ аз қамтылған отбасылар балаларына оқу құралдары тапсырылады.
Айта кетейік, өткен жылы БҚО ІІД қызметкерлері әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін және жетім балалардың мектептен қалмауы үшін бір күндік жалақыларын (6 млн. теңге) аударған болатын. Осы мақсатқа биыл 5 млн теңге бөлу ойластырылуда.