ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Тәуелсіздік мерекесіне орай БҚО ішкі істер департаментінде салтанатты жиын өтіп, Жеңіс алаңында тәртіп сақшылары сап түзеп, шеру жасады.
Полиция қызметкерлерін Тәуелсіздік мейрамымен облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен құттықтап, кілең ақ түсті 10 «Нива» көлігі және «Автоураган» заманауи автокешенінің кілттерін табыс етті. Сөйтіп енді өңірдегі әмбебап сақшылар қос бірдей «Автоураган» кешенімен жұмыс жасайтын болады.
Шарада ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Қ.Қасымовтың құттықтау хаты мен марапаттау туралы бұйрығы оқылып, үздік қызметкерлерге мерзімінен бұрын офицерлік шендер, медальдар, грамоталар, алғысхаттар берілді. Ал ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен барлығы 1050 полиция қызметкері марапатталды.
Сапта тұрған 23 жас қызметкер әріптестері мен ардагерлердің алдында халқына және мемлекетке адал қызмет етуге ант берді.
Жиын Орал полициясы гарнизонының салтанатты шеруімен аяқталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).