БҚО тұрғыны әлеуметтік желідегі лайк үшін ауылдасын ауыр жарақаттаған

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық сотында ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігіне сәйкес айып тағылған тұрғынға қатысты үкім шықты.

Фото: Kazinform

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға биылғы 10 мамырда болды. Сотталушы сағат түнгі 02.00 шамасында әйелінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған фотосуреттерге жәбірленушінің ұнату (лайк) белгісін қойғанына байланысты жанжал шығарған.

Содан кейін оның қуық тұсына екі және жауырын тұсына бір рет пышақ сұққан. Сосын оқиға орнынан бой тасалаған.  Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Атап айтқанда, ішкі ағзалары да зақымданған.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініп, жәбірленушіден кешірім сұраған. Сондай-ақ мұндай әрекетті бұдан былай қайталамайтынын айтып, бас бостандығынан айырмауды өтінген. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот сотталушыны ҚР ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бірақ ҚР ҚК-нің 63-бабына сәйкес жаза шартты түрде деп есептеліп, 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді. Енді ол пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты жерін және жұмыс орнын өзгерте алмайды. Сондай-ақ алкогольдік ішімдіктер сатылатын қоғамдық орындарға (кафе, барларға, мейрамханаларға) баруға, түнгі уақытта шығуға тыйым салынды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өзінің туысын өлтірген тұрғынның 12 жылға сотталғанын жазған едік.

Сондай-ақ Оралда түрмеге темекі тасыған колония қызметкері сотталды.