ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Бәйтерек ауданының тұрғыны 2,5 келіге жуық марихуанамен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 8 қыркүйек күні 50 жастағы ер адамнан сараптама қорытындысына сәйкес 2 кг 470 грамм кептірілген марихуана тәркіленді.
Сонымен қатар өсіру және өңдеу іздері бар 41 бұта сора өсімдігі табылып, сараптамаға жіберілді.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі және 300-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ 9 қыркүйек күні Сырым ауданының бұрын сотталған 31 жастағы тұрғынынан 9 бұта сора және тіркелмеген шолақ мылтық тәркіленді. Айғақ заттар сараптамаға жолданып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Департамент мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 174 құқықбұзушылық тіркелді. Соның ішінде 21-і есірткі сатуға байланысты болса, 112-сі – қылмыстық істер. Заңсыз айналымнан 48 кг 293 грамм есірткі және психотроптық заттар алынды.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда автокөлік аударылып, екі адам көз жұмды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).