Онда облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткендей, қылмыспен және құқықбұзушылықпен күресте оның алдын алуға баса мән берілуі керек. Бұл ретте жергілікті полиция қызметтері мен жергілікті атқарушы органдар қоян-қолтық жұмыс жасауы тиіс. Осыған орай кешенді жоспарды жүзеге асыруға жергілікті полиция қызметі, барлық деңгейдегі әкімдіктер, бірқатар мемлекеттік органдар жұмыла кірісуі керек.
Сондай-ақ ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рахмаджан Досанов жиналғандар назарына министрлік талаптарын жеткізіп, Елбасы тапсырмасына сәйкес ішкі істер органдары алдында тұрған мақсат-міндеттерді, қазіргі заман талаптарына орай жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана білу керектігін атап көрсетті.
БҚО Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатов өңірде 2015 жылы аса ауыр қылмыс түрлерінің, қасақана кісі өлтіру, тонау, пәтер мен мал ұрлығы, бопсалау және басқаларының азайғанына тоқталды. Бұл ретте басты міндет - қылмысты ашу, жәбірленушілердің құқығын қорғау. Қылмыстың басым бөлігі бойынша ашу көрсеткіші жақсарды.
Департамент бастығы Орал қаласы төңірегіндегі саяжайларды толық күзетпен қамтамасыз ету үшін атты взвод құру үшін қаржылай қолдау керектігін мәлім етті. «Қазіргі кезде саяжай қоғамдарында қысы-жазы тұратын адамдар аз емес. Сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атты взвод құру қажет», деді М.Әбисатов.
Кеңесте Елбасы тапсырмалары аясында қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, сотталғандарды еңбекпен қамту, пробация қызметін дамыту, қоғам тыныштығын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғау мәселелері қаралып, нақты тапсырмалар берілді.