Білімді бала қалай қалыптасады – Үздік оқушы өмірінен бір үзік мысал

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл жаһандық 7 зияткерлік жарыста еліміздің мыңнан аса оқушысы топ жарып, 200-ге жуық алтын медаль олжалады. Білімімен сенсация жасаған жас өреннің бірімен Kazinform тілшісі тілдесіп, «ақылды бала» қалай қалыптасатынын анықтап көрді.

Бейнематериалдан скрин

Әбілмансұр Қали — Астанадағы зияткерлік мектептің бірінде 11-сыныпта оқиды. Оны елдегі ең білімді баланың бірі десек те артық емес. Соңғы 3 жылдың ішінде химия пәні бойынша 30-ға жуық додаға қатысып үлгерген. Шілдеде Ташкентте өткен 58-ші халықаралық химия олимпиадасында күміс медаль тақты. Сөйтіп, Президенттің қолынан марапат алған.

— Болашақта мен Materials Science бағытында жұмыс істегім келеді. Бұл бағытта жаңа материалдар мен заманауи сенсорлар жасауға қызығамын. Әсіресе, миға арналған сенсорларды зерттеп, мидағы әртүрлі химиялық қосылыстардың концентрациясын анықтайтын құрылғылар жасағым келеді. Болашақта бұл технологияларды медицинада қолданып, адам денсаулығын зерттеуге үлес қоссам деймін, — Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әбілмансұр Қали. 

Бейнематериалдан скрин

Әбілмансұр бос уақытында өзі меңгерген формула мен есептерді өзгелерге түсіндіреді. Тіпті осы мақсатта арнайы парақша ашқан. Оны әсіресе ауылдық жерлердегі оқушылар жиі қарайды. Себебі жас дарын химияға қатысты ағылшын тіліндегі зерттеулер мен ғылыми мақалаларды қазақшаға аударып, түсінікті тілмен жеткізеді. 

Бейнематериалдан скрин


Анасы Әбілмансұрдың туғаннан зерек екенін айтады. 

— Тым көп кітап оқиды. Нақты ғылымдарға жаны әуес. Біз оған тек бағыт-бағдар беріп, әрбір қадамына қолдау білдіріп отырамыз. Әр ана баласының жақсы мектепте оқығанын қалайды ғой. Бірақ Назарбаев Зияткерлік мектебі туралы алғаш өзі айтты: Мама, мен осы мектепке қатты түскім келеді. Меніңше, ең алдымен баланың өзінде талпыныс болуы керек. Мен оған үнемі: «Жайдан-жай ештеңе келмейді, кез келген жетістіктің артында үлкен еңбек бар» деп айтып отырамын. Телефонға да қатты қызықпайды. Жастайынан сондай болды, — дейді анасы Айнұр Досжан.

Бейнематериалдан скрин

Әрине, елімізде Әбілмансұр сияқты ақылды бала аз емес. Мәселен, Оқу-ағарту министрлігінің ақпарына қарағанда, мектептегі әрбір 3-ші оқушы түрлі интеллектуалдық сайыстарға қатысады.

Биыл 5 мыңнан астам оқушы халықаралық олимпиадада ел намысын қорғаған. Қоржынға түскен жүлде де аз емес: 44 олимпиададан 1067 медаль түскен. 57 оқушы арнайы марапатпен елге оралған. Әрине, мұндай жетістіктің артында бірінші ата-ана, мектеп және мемлекеттік қолдау да тұр.

— Мемлекет тарапынан оқушыларға бір реттік ақшалай сыйақы беріледі. Алтын медаль алғандарға — 1500 АЕК, күміске — 1000 АЕК, қолаға — 500 АЕК төленеді. Ал оларды дайындаған педагогтерге де жүлдеге қарай сыйақы қарастырылған. Оның мөлшері базалық лауазымдық айлықақының 26,5 есесіне дейін жетеді. Биыл жеңімпаздар мен оларды дайындаған педагогтерге берілген бір реттік ақшалай сыйақының жалпы көлемі шамамен 140 миллион теңгені құрады, — дейді Медет Жамбаев — «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы.

Бейнематериалдан скрин

Оқуда озат, ғылымға құштар баланы қолдау мұнымен шектелмейді, елдегі ең мықты жоғары оқу орындарына грантқа түсуіне де жол ашық. Ал 2025 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқуына рұқсат етілді.

— Бізде халықаралық деңгейде өтетін ғылыми жобалар бар. Мысалы, «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер, математика, механика және қолданбалы математика бағыттарын қамтиды. Ал жоғары сынып оқушылары арасында өтетін Республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша үздік деп танылған 6 жоба жыл сайын Америкада өтетін Regeneron ISEF халықаралық ғылым және техника көрмесіне жіберіледі. Жалпы, ғылыми жобаларға қызығушылық танытатын оқушылардың саны жыл сайын артып келеді. Былтыр 26 мың бала өтініш берсе, биыл олардың саны 28 мыңнан асты, — дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Ерқұлан Нұртазанов.

Бейнематериалдан скрин

Оқушыларды халықаралық олимпиадалар мен байқауларға дайындауға қажетті шығынды мемлекет толық өтейді. Биыл осы мақсатқа 500 млн теңге бөлінді.

Қорыта келе, білімге ұмтылған балаға бағыт беретін ұстаз, демеу болатын отбасы, мүмкіндік жасайтын мемлекет бар. Осындай қолдау дарынның талабын ұштайды. Ал білімді ұрпақ елдің әлеуетін арттырары анық.