Қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігі басты назардағы мәселе. Дегенмен баларға қатысты зорлық-зомбылықтың балалар құқығына қатысты жиі көтерілетін мәселелердің бірі болып отырғанын айта кету керек.
– Буллинг, кибербуллинг, отбасындағы және мектептегі зорлық жағдайлары әлі де өзекті. Бұдан бөлек, осал топтағы және мигрант отбасыларындағы балалардың еңбек құқығы жиі тапталады, – деді Жомарт Қарамбаев.
Республика бойынша 40-қа жуық бала омбудсмені жұмыс істейді, олар ұлттық деңгейдегі шешімдерге ұсыныс береді.
– Буллингтің алдын алу мақсатында жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде «Дос болайық» бағдарламасы іске қосылды. Былтыр пилоттық режимде бағдарламаның буллинг жағдайларын 1,5%-ға төмендеткені байқалған, – деді ол эфир барысында.
Министрлік өкілі 2024 жылдан бастап буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Соңғы деректер бойынша бұл бағыт бойынша 200-ден астам іс тіркеліп, 100-ден астам ата-ана жауапқа тартылған.
Интернеттегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталған Қарамбаев ведомство енгізген «Кибер қадағалау» жүйесі қауіпті мазмұнды анықтап, бұғаттайтынын жеткізді. Сондай-ақ балалардың интернетті қолдануын бақылауға бағытталған «Ата-ана бақылауы» тетігі де іске қосылып жатыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері 111 бірыңғай байланыс орталығына 111 мыңнан астам өтініш түскен.