Білім саласындағы ваучерлік қаржыландыру қандай нәтиже беріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ваучерлік қаржыландыру 35 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

— Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру саласына ваучерлік қаржыландыруды енгізу бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. 2024 және 2025 жылдардың қорытындысы бойынша 26,7 млрд теңге, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 8,6 млрд теңге үнемделді. Жалпы үнем көлемі 35,3 млрд теңге болды. Үнемделген қаражат қосымша жаңа ваучерлер беруге бағытталып отыр, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Пилоттық жоба 20 қала мен облыстардың 23 ауданында жүзеге асырылып келеді. Оған 6 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қатысып, балаларға 1 млн-нан астам ваучер берілді. Механизм «ақша баланың соңынан жүреді» қағидаты бойынша қаржыландыруды көздейді. Бұл бюджет қаражатын нақты көрсетілген қызмет үшін тікелей бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-аналар мектепке дейінгі ұйымды өздері таңдай алады. Мұндай тәсіл қаржыландырудың ашықтығын арттырып, негізсіз шығындарды болдырмауға мүмкіндік береді.

— Бюджет қаражатын үнемдеу және оны атаулы пайдалану кезектің айтарлықтай қысқаруымен қатар жүріп отыр. Мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұрған балалар саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін азайды. Бұл ретте кезекте тұрған балаларды қамту деңгейі 96%-ға жетті. Мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін одан әрі кеңейту мақсатында жаңа орындар ашу жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда 232 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Осылайша, ваучерлік қаржыландыру бір мезгілде екі негізгі міндетті шешуге мүмкіндік береді: балалардың мектепке дейінгі білімге қолжетімділігін кеңейту және бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Айта кетейік, 2024 жылдан бастап Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп келеді