Білімге салынған инвестициялар нақты нәтижесін берді — Жұлдыз Сүлейменова

АСТАНА. KAZINFORM — 2019-2025 жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі үш еседен астам ұлғайды. Оның 65,9%-ы ұстаздарымыздың еңбекақы қорына жұмсалады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астанада өтіп жатқан Тамыз конференциясында мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Министрдің айтуынша, оқушыларды тамақтандыру және оқулықтармен қамтамасыз ету шараларына да тұрақты қаржы бөлініп жатыр.

Техникалық және кәсіптік білімге қолдау күшейіп келеді.

— Ең негізгісі — білімге салынған инвестициялардан бүгінде нақты нәтиже бар. Қазақстан халықаралық рейтингтерде адам капиталының дамуы, білім сапасы және бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінде позициямыз нығая түсті, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сала министрі білімге деген мемлекеттік көзқарас өзгергенін де атап өтті.

— Білім — ел болашағына салынған стратегиялық инвестицияға, ал мұғалімдеріміз — мемлекетіміздің адам капиталын қалыптастыратын негізгі тұлғаға айналды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып отыр.