Бөгет салуға көмектесіп, жұртты тәнті қылған ит туралы не білеміз
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраулық тұрғынның иті Жайық өзенінің жағалауына құм толтырылған қапшықтарды тасып жүр.
Атырау облыстық жедел штабтың ақпаратына қарағанда, иттің иесі Зәмзагүл Жаңабаева Сарытоғай ауылында тұрады. Махамбет ауданында 21 елді мекен бар. Ал Сарытоғай – Жайық өзеніне жақын орналасқан 17 ауылдың бірі.
«Бұл итті күшік кезінен бері асырап келемін. Оны үш жыл бұрын алған едім. Бір-бірімізге үйреніп қалдық. Пшөн деп атадым. Содан бері түрлі тапсырманы орындауға үйреттім. Айтқанымды бұлжытпай орындайды», - дейді Зәмзагүл Жаңабаева.
Оның айтуынша, құм салынған қапшықты тасу оңай емес. Топырақтың салмағы ауыр.
«Маған қапшықтарды тасымалдау қиын ғой. Сол себептен итті шақырып, иығына құм салынған екі қапшықты ілдім. Сол қапшықтарды сүйрелеп, жағаға жеткізіп берді», - дейді Зәмзагүл Жаңабаева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы бөгет құрылысына өзге өңірлерден жеткізілген техникалар тартылғанын жазған болатынбыз.
Кейін үш мыңға жуық сарбаз Жайық жағалауында бөгет салып жүргенін хабарлаған едік. Атырау жұртшылығын әуреге салған тасқын суға қарсы күрес жұмыстарына жергілікті иттердің бірі де өз үлесін қосып, жұртшылықты тәнті қылғанын жазған болатынбыз.