Боксшы қыздар Әлем кубогының қола жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Валерия Аксенова мен Дина Исламбекова Қытайда өтіп жатқан бокстан Әлем кубогында қола жүлде еншіледі, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Аса ауыр салмақтан 80 келіге түскен Валерия Аксенова жартылай финалда әлем чемпионатының жүлдегері Давина Мичелмен (Франция) айқасты. 3 раундқа жалғасқан бәсекеде тәжірибелі қарсылас жекпе-жекті өз еншісіне жазды. Есеп: 0:5.

Сонымен қатар, аса ауыр салмақтағы Дина Исламбекова ½ финалда Өзбекстанның мықтысы Олтиной Сотимбоевамен биыл үшінші мәрте жолықты. Кезекті айқаста Өзбекстан өкілінің пайдасына шешіліп, 0:5 есебімен есе жіберді.

Бұған дейін Бокстан әлем кубогында Виктория Графеева өзбекстандық боксшыны қапы қалдырғанын жазғанбыз.