Боксшы Салтанат Меденова Ресей чемпионатында төртінші рет топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM — Башқұртстан астанасы Уфа қаласында бокстан әйелдер арасында Ресей чемпионаты мәресіне жетті.
Омбылық қазақ қызы Салтанат Меденова 81 келіге дейінгі салмақта финалда Краснодар өлкесінің өкілі, 2023 жылғы әлем чемпионы Анастасия Демурчянды ұтып, чемпион атанды.
Біріншілікте барлығы 12 салмақ дәрежесі бойынша үздіктер анықталды. Турнирдің жүлде қоры — 24 млн рубль. Жеңімпаздар 1,5 млн рубльден алады.
24 жастағы Салтанат Меденова осымен төртінші рет Ресей чемпионы атанып отыр. Өткен жылы Серпухов қаласында (Мәскеу облысы) финалда сол А.Демурчяннан айласын асырған болатын.
Салтанаттың ең үлкен табысы биылғы жылдың үлесінде. Ол 8-17 наурызда Сербияда өткен әлем чемпионатында соңғы бәсекеде түркиялық Бюшра Ишилдарды жеңіп, жеңімпаз атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақ қызы бокстан үш мәрте Ресей чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.