Қазақ қызы бокстан үш мәрте Ресей чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Омбылық қазақ қызы Салтанат Меденова Серпухов қаласында (Мәскеу облысы) бокстан әйелдер арасында өткен 25-інші Ресей чемпионатында жеңімпаз атанды.

Салтанат Меденова
Фото: Boks Alemy Kz

Салтанат 81 келіге дейінгі салмақта финалда Краснодар өлкесінің өкілі, өткен жылғы әлем чемпионы Анастасия Демурчянды ұтты.

Осылайша, С.Меденова үш дүркін Ресей чемпионы атанды.

«Әлем чемпионы Анастасия Демурчянмен өткен финалдық жекпе-жек ең ауыр айқастың бірі болды. Психологиялық жағынан біраз қиындыққа түскенімен, рингке шыққаннан кейін жеңілдеп сала бердім. Анастасияның менің салмағыма өткенін білдім. Сондықтан оған дайындалдым. Мен үш дүркін Ресей чемпионы атандым. Тезірек үйге жетіп, туыстарымды, анамды құшақтағым келеді», деді Салтанат Меденова.

Ресей біріншілігіне 48 өңірден 172 спортшы қатысып, бақ сынады.

Омбы қаласында туып-өскен Салтанат Меденова биыл БРИКС ойындарында да алтыннан алқа таққан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан бокс федерациясының World Boxing құрамына енгенін жазған едік.
 

 

Соңғы жаңалықтар