Қазақстан бокс федерациясы World Boxing құрамына енді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бокс федерациясы ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанды. ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің мәліметінше, бұл туралы АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing халықаралық бокс федерациясының Конгресінде хабарланды.

World Boxing
Фото: olympic.kz

Бүгінде World Boxing (WB) ұйымына 55 кіріп отыр. 

World Boxing
Фото: olympic.kz

Конгресс барысында ХОК мақұлдаған WB Жарғысына енгізілген өзгерістер туралы пікірталас болды. Сонымен қатар, жарыс өткізу регламентіне де енгізілген өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, турнирлер жаңа салмақ дәрежелерінде өткізілетін болады. Сондай-ақ, төрешілердің жекпе-жек барысындағы және жеңімпаздарды анықтау кезіндегі жұмысына да өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Конгресс қатысушылары алдында сөз алып, U19 жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын және Конгресті ұйымдастырғаны үшін US Boxing ұйымына алғыс білдірді.

Өз сөзінде ол Португалияда өткен Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас Ассамблеясында әртүрлі елдердің Ұлттық Олимпиада комитеттері және Олимпиада қозғалысының өзге де спорттық ұйымдарымен кездесулер өткізген World Boxing Олимпиадалық комиссиясының жетістіктерін атап өтті.

Конгресс барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.

Айта кетейік, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылған.

Бұған дейін Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы 2024 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар 17 медаль алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар