АСТАНА. KAZINFORM – Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан әлем чемпионатының финалында қазақстандықтардан соңғы болып Елдана Тәліпова рингке шықты.
Елдана 81 келіден жоғары салмақта қытайлық Илян Чжанмен жұдырықтасты.
Бастапқы раундта бес қазының төртеуі басымдылықты қытайлық боксшыға берді. Екінші және үшінші кезеңде де жағдай өзгермеді. Есеп 4:1 болып, жеңіс қытайлық спортшының еншісінде кетті.
Осылайша, Елдана Тәліпова күмісті қанағат тұтты.
2024 жылдың соңында Таиландтың Чиангмай қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында қазақстандық бес боксшы финалға шығып, түгелдей жеңімпаз атанған еді. Солардың қатарында аса ауыр салмақта Елдана да болды.
Биылғы әлем чемпионатының соңғы бәсекесіне Қазақстаннан бес спортшы өткенімен, соның үшеуіне алтын, екеуіне күміс бұйырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында Елдана Тәліпованың финалда өзбек боксшысын қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Назым Қызайбай қазақстандық боксшылардан алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Алуа Балқыбекова Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).