Азия чемпионатында Елдана Тәліпова финалда өзбек боксшысын қапы қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Елдана Тәліпова алтын жүлдеге ие болды.

Елдана Тәліпова
Фото: Sports.kz

Жеребеге байланысты финалға бірден өткен Елдана аса ауыр салмақта өзбекстандық Олтиной Сотимбоевамен айқасты.

Бірінші раундта төрешілер басымдықты Елданаға берді – 3:2.

Екінші кезең 4:1 есебімен аяқталды. Қорытынды нәтиже – 4:1.

Осылайша, бокстан Азия біріншілігінде финалға шыққан қазақстандық бес ару түгелдей жеңіске жетіп, 5 алтын медальді олжалады.

Сондай-ақ Әйгерім Сәттібаева (48 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Милана Сафронова (66 кг) және Диана Мағауяева (75 кг) қола жүлдегер атанды.

Тек қана сырқаттануына байланысты жарысқа қатыса алмаған Алуа Балқыбекова (50 кг) мен ширек финалға дейін жеткен Сымбат Әлиасқар (54 кг) жүлдесіз қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан қазақстандық Виктория Графееваның бокстан Азия чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ бокстан Азия чемпионатында Аида Әбікеева алтын алды.

Бокстан Азия чемпионатында Наталья Богданова Қазақстанға үшінші алтынды әперді.

Бокстан Азия чемпионатында Гүлсая Ержан алтыннан алқа тақты.

 

Соңғы жаңалықтар