АСТАНА. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Карина Ибрагимова екінші жекпе-жегін де сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем чемпионатының қола жүлдегері К.Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақта әзербайжандық Махсати Хамзаевамен шеберлік байқасты.
Карина алғашқы жекпегінде колумбиялық Валерия Арболеда Мендосаны нокаутпен жеңген болатын.
Карина бұл жолы да соққыларын дәл жұмсай білді. Тіпті екінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Үшінші кезеңде М.Хамзаева тағы бір нокдаун алғаннан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты.
Осылайша, К.Ибрагимова ширек финалға шығып, медальға бір табан жақындай түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мәдина Нұршаеваның ширек финалға өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жайна Шекербекова мен Валентина Хальзова ¼ финалға жолдама алды.
Бокстан әлем чемпионатында бүгін бес қазақстандық спортшының бақ сынайтыны хабарланды.
Алуа Балқыбекова ширек финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).