АСТАНА. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Римма Волосенко ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Азия чемпионы Римма Волосенко 60 келіге дейінгі салмақта сербиялық, түбі ресейлік Наталья Шадринамен кездесті.
Алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық Ситора Тұрдыбекованы жолдан тайдырған Римманың бұл бәсекесі де тартысты өтті. Бірінші раундта бес төрешінің үшеуі қазақстандық боксшыға басымдық берді. Екіншісінде Римма ескерту алып, таразы басы сербиялыққа ауды. Дегенмен қазылардың басым даусымен Р.Волосенко ширек финалға өтті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мәдина Нұршаеваның ширек финалға өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жайна Шекербекова мен Валентина Хальзова ¼ финалға жолдама алды.
Бокстан әлем чемпионатында бүгін бес қазақстандық спортшының бақ сынайтыны хабарланды.
Алуа Балқыбекова ширек финалға шықты.
Карина Ибрагимова 1/8 финалға жолдама алды.
Аида Әбікеева жарыс жолынан шығып қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).