Бокстан әлем чемпионаты: 4 қарашада бір қазақстандық спортшы сынға түседі

Фото: atletic_fitness

АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтетін әлем чемпионатында 4 желтоқсанда ел құрамасынан кімдер сынға түсетіні белгілі болды.

Ел құрамасынан бұл күні Нурмагамед Юсупов (92 келі) шаршы алаңға шығады. Ол тәжікстандық Навруз Джафоевпен күш байқасады.Жекпе-жек Қазақстан уақытымен түнгі 12-ден кейін басталады.

IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар – 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер – 150 мың доллар, қола жүлдегерлер – 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.

Биыл дүбірлі додаға жер-жаһанның 95 елінен былғары қолғап шеберлері келді.

Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионаты алдында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бірлескен оқу-жиынын өткізді.

Қазақстан құрамасының сапында биыл күзде World Boxing халықаралық федерациясы өткізген, уақытша ХОК мойындаған әлем чемпионатының жеңімпаздары болмайды. Себебі World Boxing – 2028 жылғы Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесіне жауапты ұйым.