Бокстан әлем чемпионаты қай телеарнадан көрсетіледі

Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан World Boxing аясында өтетін әлем чемпионатынқазақстандық қай телеарнадан көрсетілетіні белгілі болды.

Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өткізіледі. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.

Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов негізінен тәжірибелі боксшыларға сенім артып отыр. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Бейбарыс Жексен (60 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бекзат Нұрдәулетов (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) мен Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.

Ал Елдос Сайдалин бастаған бапкерлер әйелдер құрамасында төмендегі былғары қолғап шеберлеріне сенім артты. 

Алдағы әлем чемпионатында еліміздің атынан Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Элина Базарова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) және Елдана Талипова (80 келіден жоғары) сынға түседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қытайда өткен бокстан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орын алды.