Бокстан әлем кубогының жартылай финалына қай елдер шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан әлем кубогының екінші кезеңінде жартылай финалға қай елден қанша боксшы шыққаны белгілі болды.

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Дүбірлі додаға алғашқыда 44 мемлекет қатысуға ниет білдірген еді. Олардың арасынан 23-і былғары қолғап шеберлерін аттандырды. Біздің елімізден беделді бәсекеге 17 спортшы барды.

Енді жартылай финалда Қазақстан құрамасынан 8 боксшысы (5 әйел, 3 ер) ертең шаршы алаңға шығады.

Жарыстың аталған сатысында Өзбекстан 11, Қытай - 9, Қазақстан мен Франция - 8 үздігіне үміт артса, одан кейінгі орындарда Үндістан мен Польша - 6, 󠁧󠁢󠁥󠁮󠁧󠁿Англия мен Бразилия - 4, Әзербайжан мен Италия - 3, АҚШ, Болгария, Оңтүстік Корея, Иордания, Испания - 2 спортшысына сенім білдіреді.

Ал жартылай финалда Аустралия, Германия, Канада, Иран, Мексика, Тайпей, Таиланд және Молдовадан 1 былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығады.