АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында ерлер және әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін 9 қазақстандық спортшы жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізеді.
Сағат 12.00-де басталатын додада рингке бірінші болып Әйгерім Сәттібаева шығады. Ол 48 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Фарзона Фозиловамен қолғап түйістіреді.
Сондай-ақ Жазира Орақбаева (52 кг) тағы бір өзбекстандық Феруза Казаковадан өтуге тырысады.
Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Виктория Графеева (60 кг) және Аида Әбікеева (63 кг) сәйкесінше таиландтықтар Пунрави Руенрос, Порнтип Буапа, Тхананя Сомнуекпен шеберлік таластырады.
Милана Сафронова (66 кг) өзбекстандық Навбахор Хамидовамен, Наталья Богданова (70 кг) украиналық Анастасия Черноколенкомен жұдырықтасады.
Диана Мағауяева (75 кг) қытайлық Лина Ван, Гүлсая Ержан (81 кг) өзбекстандық Сохиба Рузметовамен сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Сағындық Тоғамбайдың өзбекстандықты нокдаунмен жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ жарыста жұдырық жұмсаған бокс бапкері 2 жылға жұмыстан шеттетілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).