АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында бесінші жарыс күні Қазақстаннан бес спортшы бақ сынайды.
Әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта екінші жекпе-жегін өткізеді.
Рингке екінші жұпта шығатын Дулат бұл жолы малайзиялық Ариф Айман Мухаммадпен жұдырықтасады.
Сондай-ақ 1/4 финалда Абылайхан Жүсіпов пен түркменстандық Байрамдурды Нұрмұхамедов (71 кг), Диас Молжігітов пен жапониялық Дайга Сунага (75 кг) рингте қай мықтыны анықтайды.
Әйелдер арасында Әйгерім Сәттібаева (48 кг) Филиппин өкілі Офелия Маньомен, Сымбат Әлиасқар (54 кг) қытайлық Вен Шан Хумен қолғап түйістіреді.
Олардың қай-қайсысы да қарсыласын жеңсе, жартылай финалға шығып, кемінде қола жүлдеге ие болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Махмұд Сабырханның қарсыласын нокаутпен ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).