Бокстан Азия чемпионаты: Қазақстан жасөспірімдері жалпы есепте 2-орын алды
Астана қаласында бокстан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында Қазақстан бозбалалар құрамасы жалпы есепте 2-орынға ие болды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан бокс федерациясынан мәлім еткеніндей, Үндістан командасы 5 алтын, 1 күміс, 2 қоламен медальдар кестесінде көш бастады.
Қазақстандық жасөспірімдер 3 алтын, 4 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді.
Алдияр Баһадүр (48 кг), Жандос Алпысбаев (75 кг) және Бексұлтан Қайратұлы (+80 кг) жеңімпаз атанды. Әсіресе, Бексұлтан үндістандық қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен ұтты.
Нұрасыл Төлебек (52 кг), Бекарыс Нұрмұхан (66 кг), Жасұлан Бердалы (70 кг), Бақытжан Айтмұханов (80 кг) күміс, Нұғман Нығмет (46 кг), Бауыржан Мұратов (54 кг), Асқар Қуаныш (60 кг) қоланы қанағат тұтты.
Командалық есепте Түркіменстан мен Қырғызстан құрамалары 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен 3-4-орындарды бөлісті.
Ертең жастар арасында финалдық бәсекелер өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан қыздар құрамасының бокстан Азия чемпионатын 3 алтынмен аяқтағанын жазған болатынбыз.