Астана қаласында бокстан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында Қазақстан бозбалалар құрамасы жалпы есепте 2-орынға ие болды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан бокс федерациясынан мәлім еткеніндей, Үндістан командасы 5 алтын, 1 күміс, 2 қоламен медальдар кестесінде көш бастады.
Қазақстандық жасөспірімдер 3 алтын, 4 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді.
Алдияр Баһадүр (48 кг), Жандос Алпысбаев (75 кг) және Бексұлтан Қайратұлы ( 80 кг) жеңімпаз атанды. Әсіресе, Бексұлтан үндістандық қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен ұтты.
Нұрасыл Төлебек (52 кг), Бекарыс Нұрмұхан (66 кг), Жасұлан Бердалы (70 кг), Бақытжан Айтмұханов (80 кг) күміс, Нұғман Нығмет (46 кг), Бауыржан Мұратов (54 кг), Асқар Қуаныш (60 кг) қоланы қанағат тұтты.
Командалық есепте Түркіменстан мен Қырғызстан құрамалары 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен 3-4-орындарды бөлісті.
Ертең жастар арасында финалдық бәсекелер өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан қыздар құрамасының бокстан Азия чемпионатын 3 алтынмен аяқтағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).