АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында ерлер және әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Махмұд Сабырхан жартылай финалдық жекпе-жегін өткізді.
Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңның иесі Саравут Суктхетпен бетпе-бет келді.
Бірінші раундта М.Сабырханның соққыларынан кейін таилық боксшының қасы жарылып кетті. Шаршы алаң иесінің жұдырығы да тиіп жатты. Соны ескерді ме, қапталдағы бес төрешінің үшеуі Махмұд басым деп тапты.
Екінші кезеңнің соңына қарай рингтегі рефери С.Суктхетке нокдаун тіркеді. Есеп 5:0 болып, Махмұд айқын басымдық танытты.
Қорытынды есеп – 5:0. Енді қазақстандық боксшы алтын үшін шаршы алаңға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Гүлсая Ержанның өзбекстандық қарсыласын жеңіп, финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Азия чемпионатында 10 қазақстандық боксшы финал жолдамасын сарапқа салады.
Санжар Тәшкенбай бокстан Азия чемпионатының финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).