АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Виктория Графеева финалға шықты.
Қазақстандық боксшы 60 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңның иесі Порнтип Буапамен шеберлік байқасты.
Виктория бірінші раундта-ақ қарсыласын нокдаунға жіберді. Нокдаун екінші кезеңде де қайталанғаннан кейін рефери жекпе-жекті тоқтатты.
Тағы бір қазақстандық Ұлжан Сәрсенбек 57 келіге дейінгі салмақта тағы бір таилық Пунрави Руенроспен жұдырықтасты. Мұнда төрешілер жеңісті түгелдей жергілікті боксшыға берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында 9 қазақстандықтың финалға шығу үшін таласатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Әйгерім Сәттібаева қола жүлдегер атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).