АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі жастар арасында бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасынан алты спортшы финалға шықты. Бұл жөнінен ел құрамасы екінші орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ел құрамасынан Санжар Ташкенбай (48 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі), Махмуд Сабырхан (57 келі), Абзал Серік (67 келі), Сабыржан Аққалыков (71 келі) және Диас Молжігітов (75 келі) чемпиондық атаққа таласады.
Финалға шыққан спортшылар саны бойынша он боксшымен Өзбекстан көш бастап тұр.
Ал үшінші орындағы Таиланд құрамасы сапында үш былғары қолғап шебері алтын медаль үшін сайысқа түседі. Ал Филиппин мен Қытайда екі, Моңғолия, Индонезия және Камбоджа құрамалары бір-бірден боксшысын финалға қосады.
Еске салсақ, бұдан бұрын бокстан жастар арасында Азия чемпионатында үш боксшы қола жүлдегер атанғанын хабарлаған едік.
Фото: prosports.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.