Бокстан жастар арасында Азия чемпионатында үш боксшы қола жүлдегер атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Таиланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық үш боксшы қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерасыл Жакпеков 80 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Джасурбек Юлдошевпен жұдырықтасып, оны екінші раундта нокдаунға жібергенімен, төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. Сөйтіп ол қола жүлдемен шектелді.

Сондай-ақ 92 келіге дейінгі салмақта рингке шыққан Ерхат Бекзат өзбекстандық Нусратбек Тохировке есе жіберді – 0:5.

Аса ауыр салмақта Аманат Сабырғали тағы бір өзбекстандық Джахонгир Зокировпен шеберлік байқасты. Екінші раундта Аманат дәл соққы алып, рефери есеп ашты. Ақыры төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс өзбекстандық боксшының еншісінде кетті.

Осылайша, боксшыларымыздың үшеуі де өзбекстандықтардан ұтылып қалды.

Жастар арасында Азия біріншілігінде кеше қазақстандық үш боксшы қызымыз өзбекстандықтарға жол берген еді.

Бүгін жартылай финалда өнер көрсеткен 11 қазақстандық боксшының алтауы жеңсе, бесеуі ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында екі боксшының финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Махмуд Сабырхан алтын үшін таласады.

Тағы үш боксшы финалға шықты.


Фото: instagram.com/zhakpekov

Соңғы жаңалықтар