АСТАНА. ҚазАқпарат – Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында қазақстандық Сағындық Тоғамбай бастапқы жекпе-жегін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жастар арасында үш мәрте Азия чемпионы С.Тоғамбай 86 келіге дейінгі салмақта тәжікстандық Навруз Джафоевпен рингке шықты.
Қарсыласына қарағанда, Сағындық тез қимылдап, бойының да, қолының ұзындығын пайдалана білді. Шеберлігінің басым екендігін айқын таныта алды. Тіпті үшінші раундта тәжікстандық боксшыны екі рет нокдаунге жіберді. Төрешілер есебі – 5:0.
Осылайша, С.Тоғамбай да жартылай финалға жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Дулат Бекбауовтың жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Алуа Балқыбекова жартылай финалға өтті.
Ал Римма Волосенко жүлдесіз қалды.
Нұрқанат Райыс қарсыласын нокаутпен ұтып, 1/2 финалға жолдама алды.
Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай да жартылай финалда.
Бүгін жүлдегерлер қатарына Назым Қызайбай қосылды.
Фото: kfb.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).